Тест тапсырудағы шекті деңгей
"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 17-бабына сәйкес, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде меңгермеген, ел Конституциясы мен тарихын білмейтін адам Қазақстан азаматтығын ала алмайды. Бұл талап кәмелетке толмағандарға, әрекетке қабілетсіз адамдарға, қандастарға, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу құқығы барларға жүрмейді. Бұл тізімге кірмейтіндер тест тапсыруға міндетті.
Қазақ тілі мен тарихын, заңын білу туралы талап енді қалай өзгеруі мүмкін? Азаматтық туралы заң мен қазақ тілін білу талабы жазылған заң 1991 жылы қабылданғанымен, ресми тест тапсыру айналымға былтыр енген.
Заң талабы бойынша, азаматтық алғысы келген адам қазақ тілінен, Конституция мен Қазақстан тарихынан тест тапсыруы шарт. Жиынтық балл – 100. Бұрын соның 60 балы меже болса, жаңадан енгізілетін өзгеріс бойынша 50 балл жеткілікті. Осылайша, жалпы шекті деңгей 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Заң жобасын әзірлеген Ғылым және жоғары білім министрлігі "бұл өзгеріс тестілеудегі пәндер арасын теңестіру үшін жасалды" деп түсіндірген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің түсіндірмесі
Жоба қабылданған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткердің тест сұрақтары пәндер бойынша тең бөлініп, шекті балл 10% төмендейді. Бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге теріс салдары болмайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді.
Қоғам өкілдерінің пікірі әртүрлі
Үкімет ешқандай қауіп жоқ десе де, міндетті меженің жұмсаруы туралы жұрт пікірі әртүрлі. Меженің төмендеуінде тұрған ештеңе жоқ дейтіндер де, қазақ тілінің мәртебесін уайымдайтындар да бар.
Бұған дейін 100 сұрақтың басым бөлігі, яғни 60-ы қазақ тілі бойынша қойылатын. 25 сұрақ Қазақстан тарихынан, 15 сұрақ Конституциядан келетін. Енді олардың да саны мейлінше теңестіріліп, осы рет бойынша 30/30/40 форматына ауыспақ. Өзгеріс жобасы жарияланған ашық үкімет порталында кейбір азамат мемлекеттік тіл бойынша қойылатын сұрақтардың азаюына алаң білдірген.
"Ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді" дейді. Қайдағы әсер етпейді?! Керісінше, бұл теріс салдарға әкеледі. Қазақстанда қазірдің өзінде халықтың жартысы мемлекеттік қазақ тілін білмейді, енді білмейтіндер саны одан әрі көбейеді", – деп есептейді Талғат Нұрмағанбетов.
Ал Нұрлан Кәкітаев Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндерге мемлекеттік тілді білу талабын күшейткен дұрыс деген пікірде.
"Қазақ тілін ешкім менсінбейді. Қазір жан-жақтан келген орысша сөйлейтін азаматтар көп. Олар шеттің насихатын да алып келген. "Дұрыс тілде сөйле" дейтіндер де солар. Қазақ тіліне қойылатын талапты күшейту керек", – дейді ол.
Құқық қорғаушы, "Халықаралық құқықтық бастама" қорының президенті Айна Шорманбаева азаматтық алушыларға тест сынағынан 10 пайыз жеңілдік жасаудан аса қауіп көрмейді. Ол мәселе тест әділ, ашық әрі таза өтуінде деп біледі.
– Негізі [тесттің шекті деңгейін] 10 пайызға азайтудың көп салдары болмайды. Тесттің пайызы емес, сапасы маңызды. Оны тапсыру адамдарға қаншалық ыңғайлы?! Сол тестті дайындағанда басқа елдердің тәжірибесі ескерілді ме? Мәселе сонда болып тұр. Ал өз ұстанымымды айтсам, Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілінен тест тапсыруы дұрыс. Шекті 10 пайызға төмендетудің ешқандай экономикалық, құқықтық салдары жоқ. Біздің елде өзекті мәселе – жемқорлық. Яғни, ол тесті қалай тапсырады, оны кім қабылдайды, екінші мәселе осында. Жемқорлықты жою керек. Шегі 10 пайызға төмендесе де, бәрібір, маңыздысы – тесттің әділ өткені, – дейді Айна Шорманбаева.
Өзге елдерде қалай?
Былтыр – 2024 жылы 20 мың 200 шетелдік Қазақстан азаматтығын алған. Оның 15 мың 600-і қандас. Қалған 4600 адам өзге ұлт өкілдері. Ал 2023 жылы қандастардан бөлек азаматтық алғандар саны – 6328 адам.
Әлемнің көп елінде азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді меңгеру міндетті саналады. Ал қай деңгейде меңгеру керек дегенге келгенде талап әртүрлі. Кейбір елде тест тапсырса, енді бірінде сол тілде сөйлей алатынын дәлелдеу үшін, тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу немесе сұхбаттасу бойынша сынақ өтеді.
Қырғызстан мен Өзбекстанда талап тілді базалық деңгейде білу жеткілікті, екі елдің де заңында тіл білмегендерге азаматтық берілмейтіні жазылған. Конституция немесе тарих бойынша бөлек емтихан жоқ, бірақ сұхбат барысында сұрақ қойылуы мүмкін.
Ресей азаматтығын алу үшін А2, яғни бастапқы деңгейде орыс тілін білу шарт. Бірақ онда Конституция немесе тарих бойынша міндетті тест жоқ.
Тіл бойынша қатаң талап қоятын елдер тізімінде Германия мен Франция бар. Онда мемлекеттік тілді Б1 яғни орташа деңгейде білу міндетті. Францияда үміткердің жалпы азаматтық біліміне, құқықтарын білуіне басымдық берілсе, Германияда ел тарихын және Конституциялық жүйені білу – басты шарт.