Өзбекстанда жөтелге қарсы «Док-1 Макс» дәрісін ішіп, мүгедек болып қалған Жизақ облысының тұрғыны, 1 топтағы мүгедек 8 жасар Мүслима Зиевбоева қайтыс болды.
Қыздың әкесі Gazeta.uz сайтына қызының 3 шілдеде қайтыс болғанын айтты.
Сот құжаттарына сәйкес, Мүслиманың ата-анасы дәрігерлердің кеңесімен 2022 жылдың желтоқсан айында оған жөтелге қарсы «Doc-1 Max» шәрбатын берген. Көп ұзамай қыздың бүйрегі істен шығып, зәр шығара алмай қалған.
Кішкентай қыз алдымен жергілікті ауруханаға жатқызылған, одан кейін Ташкенттегі ұлттық балалар медицинасы орталығына ауыстырылған. Жолда комаға түскен Мүслима бір аптадан кейін ғана есін жияды. Ізінше қыз бала 1 топтағы мүгедек болып қалған.
2022 жылдың соңынан бері Өзбекстанда ондаған адам үнділік Marion Biotech компаниясы шығарған «Doc-1 Max» шәрбатымен уланғаны белгілі болған.
Бұған дейін елдің қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс қозғап, Quramax Medical компаниясы мен дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығының жоғары лауазымды тұлғалары ұсталған.
Ресми мәлімет бойынша, бұл дәріден уланған 68 бала қайтыс болып, тағы 23 бала мүгедек болып қалған.
Бұл фактілерге қатысты сот 2023 жылдың тамызында басталды. Сот қайтыс болған балалардың ата-аналарының әрқайсысына 1 миллиард сум (шамамен 79 000 доллар), ал денсаулығына ауыр зиян келгендерге 500 миллион сум (шамамен 39 500 доллар) моральдық шығын төлеу туралы шешім шығарды.
Балалары дәріден уланған ата-аналар да денсаулық сақтау министрлігінің басшыларын кінәлады.
2023 жылы «Doc-1 Max» препаратын шығарған үнділік компанияның лицензиясы тоқтатылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үш елде осы жөтел сиропынан қайтыс болған 300-ге жуық баланың өлімін зерттеп жатқанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбек соты 68 адамның өліміне әкелген даулы іс бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды