ЖАҢАЛЫҚТАР
Медиа: Трамп Зеленскийден Украина Мәскеу мен Санкт-Петербургке неге шабуылдамайды деп сұраған

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен әңгіме барысында одан неге Киев Мәскеуге шабуыл жасамайтынын сұраған. Мұндай ақпаратты The Washington Post газеті аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп хабарлады. Басылым әңгіме барысында Трамп Украина Мәскеуге ғана емес, оған қоса Санкт-Петербургке де шабуылдап, Ресей президенті Владимир Путинге қысым жасауы керек деген деп жазды.
Зеленский Трампқа Мәскеуге ондай шабуыл жасау үшін АҚШ Украинаға тиісті қару-жарақ беруі қажет екенін айтып жауап қатқан деп жазылған мақалада. Басылым Трамп Украинаға Tomahawk қанатты зымырандарын жеткізу мүмкіндігін қарастырған дейді. Сонымен қатар, оның Украинаға америкалық ATACMS зымырандарын Ресейдің ішкі аумағына шабуыл жасауға пайдалануға рұқсат беруге мүмкіндігі бар деп жазды газет. Ол зымыран 300 шақырым қашыққа дейін жете алады.
Tomahawk зымырандары Украина аумағынан Мәскеу мен Петербургке дейін жете алады. Бұл мәселе өткен аптада талқыланғаны айтылып отыр. Бұған дейін Axios басылымы дереккөздерге сүйеніп, Вашингтон алысқа ұшатын зымырандарды беруге дайын деп жазған еді.
Киевке Tomahawk зымырандары берілетіні жайлы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Washington Post деректеріне сәйкес, ол мәселе кейінге қалған. Трамп оған кейінірек қайта оралуы мүмкін. Ақ үй бұл ақпарат жайлы ешқандай түсініктеме бермеді.
Украина бұған дейін Ресейдің Мәскеу қаласы мен Ленинград облысына қашықтан дрондармен бірнеше рет шабуыл жасаған. Алайда қанатты зымыран дронға қарағанда әлдеқайда көп жарылғыш зат алып ұша алады, нысанаға да дәл түседі және оларды әуеден атып түсіру қиынырақ. Мәскеу Батыс елдері Украинаға алыстағы нысанаға жететін қару түрлерін беретін болса, ол қарулы жанжалды тіпті шиеленістіре түседі деп бірнеше рет мәлімдеген. Алайда Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда кең ауқымды басқыншылық соғысын бастаған алғашқы күннен Украинаға қарсы шабуылдарға тура Tomahawk сияқты қанатты зымырандарды қолданып келеді.
Дүйсенбі күні Дональд Трамп АҚШ президенті лауазымына қайта кіріскен уақыттан бері алғаш рет, өзіне дейінгі президент Джо Байден әкімшілігі бекітпеген қару-жарақ партиялары Украинаға жеткізілетінін жариялады. Трамп Ресейге жаздың аяғына дейін Украинамен бітімге келу жайлы талап қойып, егер ол орындалмаған жағдайда Ресей мен одан энергия өнімдерін сатып алып отырған елдерге санкция салынатынын ескертті (қазіргі кезде Ресейдің негізгі экспорт нарықтары — Қытай, Үндістан және Словакия).
Басқа да жаңалықтар
Еуроодақ елдері Ресейге қарсы 18-санкциялар пакеті бойынша келісімге келе алмады

Сейсенбі, 15 шілде күні Брюссельде өткен жиында Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері Ресейге қарсы 18-санкциялар пакетін қабылдау бойынша ортақ келісімге келе алмады. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады.
Бұл мәселеде ортақ шешім қабылдауға Словакия мен Мальтаның ұстанымдары мүмкіндік бермей отыр. Бұған дейін хабарланғандай, Братислава Брюссельден Ресей газын Еуроодақ елдеріне жеткізуге толық тыйым салудан болуы ықтимал залалды өтеуге кепілдік беруін талап еткен. Ал Politico журналының жазуынша, Мальта Ресей мұнайына баға шегін қатайту өзінің танкер флотына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.
Санкциялар пакетін талқылау сәрсенбі күні Еуроодақ елдері елшілерінің деңгейінде жалғаспақ. Бұған дейін 18-санкциялар пакетіне Ресей мұнайына баға шегін динамикалық түрде белгілеу, "Солтүстік ағыс" және "Солтүстік ағыс-2" газ құбырларының жұмысын тоқтату, сондай-ақ ресейлік банктерге жаңа шектеулер енгізу қарастырылып отыр деп хабарланған еді.
Түрмеде қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовқа қоқан-лоқы жасаған тұтқындар бөлек жерге көшірілген

"Өзбекстанның конституциялық құрылымын құлатуға талпынды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" және "билікті басып алмақ болып сөз байласты" деген айыптармен 16 жылға түрмеге қамалған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың өміріне қауіп төндірген тұтқындар басқа жерге ауыстырылды. Мұны "Азаттық Азия" редакциясына белсендінің бауыры Ренат Тәжімұратов хабарлады.
"Бұл жөнінде анамызға колония басшысы, яғни бауырым отырған мекеменің бастығы айтыпты. Кейін мұны Дәулетмураттың өзі адвокатына растаған. Бұл — біз үшін зор қуаныш. Өйткені сол тұтқындар бауырымды үнемі ұрып-соғып, қорлық көрсететін. Олар онымен бір бөлмеде тұрып, бір цехта жұмыс істейтін. Біз оның өміріне алаңдадық. Енді біз оның құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері жазасын өтейтін колонияға ауыстырылғанын қалаймыз. Өйткені бұрын ол сотталғандарды бейімдеу орталығында жұмыс істеген, адвокат та болған. Түрмедегі адамдармен тікелей байланыста болған. Сондықтан бауырымның әдеттегі колонияда отыруы — өміріне қауіпті", — деді Ренат Тәжімұратов.
Халықаралық ұйымдардың дабылы
Биыл шілде айында Халықаралық адам құқықтары бойынша серіктестік (IPHR) пен "Орталық Азиядағы адам құқықтары" қауымдастығы (AHRCA) бірлескен мәлімдеме жасап, қамауда отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың тағдырына қатты алаңдайтынын айтқан.
"Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, түрмеде жазасын өтеп жатқан оны [Дәулетмұрат Тәжімұратов – ред.] түрме қызметкерлері мен өзге тұтқындар үнемі соққыға жығып, тіл тигізіп, басқадай да азаптаған. 2025 жылы наурызда оның адвокаты көпшілік алдында Тәжімұратовтың денсаулық жағдайы мен оған түрмедегі қарым-қатынас жайлы мәлімдеме жасады. 2025 жылы мамырда оны тағы да азаптағаны туралы жаңа хабарлар тарады", — делінген халықаралық ұйымдардың есебінде.
Биыл мамыр айында адвокат Сергей Майоров үндеу жариялап, Тәжімұратов түрмеде сапқа тұру кезінде Өзбекстанның әнұранын айтудан бас тартқаны үшін соққыға жығылған деп хабарлады.
"Соңғы рет оны есінен танғанша ұрып-соққан. Кейін оны түрменің медицина бөлімшесіне жатқызған", — деді сол жолы адвокат.
Түрме аумағынан шығарылмайтын шағымдар
Туыстары мен адвокаты бірнеше рет өтініш жасағанымен, Дәулетмұрат Тәжімұратов жазасын өтеп жатқан Науаи қаласындағы колония әкімшілігі белсендінің денсаулығы нашарлағанына қарамастан, оны жеңіл жұмысқа ауыстырудан бас тартып отыр, деді Ренат Тәжімұратов.
Бұған дейін "Азаттық Азия" Тәжімұратовтың қорғаныш киімінсіз және арнаулы жабдықтарсыз әк шығаратын цехта жұмыс істеп жүргені жайлы хабарлаған.
"Бауырым әлі де әк өндіретін цехта жұмыс істеп жатыр. Бұл оның денсаулығын құртатын жұмыс. Бірақ колония әкімшілігі оны жеңіл жұмысқа ауыстырмайды. Оны қойып, оның жоғары тұрған мекемелерге жазған хаттары мен арыздарын бәз-баяғыдай колониядан сыртқа шығармайды", — деді Ренат Тәжімұратов "Азаттық Азия" тілшісіне.
Қарақалпақстандағы 2022 жылғы наразылықтар және сот үкімі
2022 жылғы 1-2 шілде күндері Қарақалпақстанда мыңдаған адам көшеге шығып, ресми Тәшкент енгізбек болған өзгерістер жобасында Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамынан референдум жолымен бөлініп шығу құқығы алынып тасталғанына наразылық білдірген еді. Өзбекстанның күштік құрылымдары бейбіт шеруге шыққан наразы халықты күшпен таратты: кей дерек бойынша, 21 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жараланған. Қанды оқиғалардан кейін Тәшкент Конституцияға даулы өзгерістерді енгізуден бас тартқанымен, қарақалпақ белсенділерін ел ішінде де, шетелде де қудалауды бастаған.
Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов — 2022 жылы шілдеде Конституцияға енгізілмек болған түзетулерге қарсы Қарақалпақстандағы наразылық қозғалысының жетекшілерінің бірі.
2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты Дәулетмұрат Тәжімұратовты "конституциялық құрылымды құлатуға талпыну", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" және "билікті басып алу мақсатында сөз байласу" баптары бойынша айыпты деп танып, 16 жылға бас еркіндігінен айырды.
Түрмеде отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың азаптауға ұшырағаны туралы мәлімдемелерін, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарының оны дереу қамаудан босатуға үндеген талаптарын Өзбекстан билігі елеусіз қалдырған.
АҚШ пен Германия қорғаныс министрлері Украинаны қаруландыру жайын талқылады

2025 жылғы 14 шілдеде Вашингтонда өткен кездесуде АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет пен Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус Украинаға америкалық қару-жарақты Германияның делдалдығымен жеткізу мүмкіндігін талқылаған. Бұл келіссөз сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропадағы одақтастарына ары қарай Украинаға беру үшін қару-жарақтың ірі партияларын сатуға дайын екенін мәлімдеген шақта өтті.
Писториустың айтуынша, Patriot әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін жеткізу мәселесі де талқыланған. Оның сөзінше, Вашингтон мен Берлин бұл мәселе бойынша "бірнеше күн я бірнеше апта ішінде" шешім қабылдауы мүмкін. Хабарларға қарағанда, Германия Patriot жүйелерін сатып алып, оларды Украинаға беруді ұсынған.
Германияның қорғаныс министрі зымырандар мен оны ұшыратын қондырғылар санын қоса алғанда, барлық егжей-тегжейін түпкілікті келісу үшін келіссөздер жұмыс деңгейінде әлі де жалғасады деп мәлімдеді. Бұған қоса ол Хегсет екеуі Украинаға берілетін қару саны жөнінде тіс жармауға уағдаласқанын айтты. Bloomberg агенттігі әңгіме әрқайсында 4-тен 8-ге дейін ұшыру қондырғысы бар екі Patriot кешені туралы болуы мүмкін деп хабарлады. Агенттік бұл жүйелерді сатып алуға байланысты келіссөздер жөнінде Трамптың мәлімдемесіне дейін, шілде айының басында жазған.
Писториустың сөзінше, алғашқы Patriot жүйесі Украинаға бірнеше ай ішінде жөнелтілуі мүмкін.
АҚШ президенті бұған дейін Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуге басқа елдер де қатыса алатыны жайлы мәлімдеген еді. Украина президенті Владимир Зеленский ондай елдердің қатарында Германия мен Норвегияны атаған.
Бұған дейін Германия Украинаға үш Patriot жүйесін берген. Кейінгі кезде Зеленский дәл осы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жеткізілуіне ерекше мән беріп келеді.
Бұған қоса Писториус орташа қашықтыққа ұшатын америкалық "Тайфун" зымырандарын Германияға жеткізу мәселесі де талқыланғанын хабарлады. Бұл зымырандар Украинаға берілмейді деп нақтылады ол.
Тоқаев Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысын ауыстырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қарулы күштерінің әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Руслан Қоңыровты қызметінен босатып, оның орнына Асқар Ізбасовты тағайындады. Бұл туралы 15 шілде күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің тағы бір шешімімен Бақытбек Сыдықов Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Биыл 8 маусымда Тоқаев Қазақстанның қорғаныс министрі етіп Дәурен Қосановты тағайындаған. Қосанов оған дейін қорғаныс министрінің орынбасары – әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы қызметін атқарған еді.
Ресей полициясы жазушы Дмитрий Быковқа іздеу жариялады

Ресейдің ішкі істер министрлігі ресейлік жазушы әрі публицист Дмитрий Быковқа іздеу жариялады. Бұл дерек "Медиазона" басылымының назарына түскен.
Іздеу базасында полиция адамдарды қандай іс бойынша іздестіріп жатқаны көрсетілмейді. Әзірге белгілісі – Ресейде Быковтың үстінен "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратқаны" және "шетелдік агенттер" тізіміне алынғандарға қойылған талаптарды бұзғаны үшін қылмыстық істер қозғалған.
57 жастағы Дмитрий Быков – қазіргі заманғы ең танымал ресейлік жазушылар мен ақындардың бірі. Оның шығармалары бірқатар беделді әдеби сыйлықтар алған. Быков Ресей оппозициясы үйлестіру кеңесінің мүшесі болған және Ресей билігіне сыни көзқарасымен танымал.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін жазушы АҚШ-қа кетіп қалды, қазір ол Корнелл университетінде дәріс береді.
Axios: АҚШ Украинаға миллиардтаған доллардың қару-жарағын беруі мүмкін

Дүйсенбі, 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға беріледі деп жариялаған америкалық қару-жарақтың "алғашқы легі" аясында АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарына жалпы құны 10 миллиард долларға жетеғабыл қару сатылуы мүмкін. Мұны Axios басылымы өз дереккөзіне сүйеніп жазды.
Украинаға жеткізілетін қару-жараққа қаржыны АҚШ-тың одақтастары төлейтінін мәлімдеген Трамп сөзінде "миллиардтаған доллар" жайлы айтқан. Егжей-тегжейі әлі ресми жарияланбаған жоспарда еуропалық одақтастар АҚШ-тан қару сатып алып, оны Украинаға беру қарастырылады деп айтылып отыр.
Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінен басқа, президент Трамп та, дүйсенбі күні ол Ақ үйде қабылдаған НАТО бас хатшысы Марк Рютте де Украинаға нақты қандай қару-жарақ жеткізілетіні туралы ашып айтпады. Алайда Axios пен басқа да бірқатар БАҚ-тың дереккөздеріне сүйенсек, әңгіме зымыран қару-жарағы мен артиллериялық оқ-дәрілер туралы болып отыр. Қай зымыран түрлері жөнінде сөз болып отырғаны нақты айтылмағанымен, Axios олардың арасында Мәскеуге соққы жасауға мүмкіндік беретін алыс қашықтықтағы зымырандар болуы мүмкін екенін жазады.
Трамп бұған дейін Украинаға қорғаныс қарулары берілетінін мәлімдеген еді, алайда дүйсенбі күні ол қандай қару-жарақ берілетінін нақтыламады.
"Бұл Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелерін де, зымырандарды да, оқ-дәрілерді де көп көлемде алуға мүмкіндік береді", – деді Трамп.
НАТО бас хатшысы да Украина "шынымен де әскери техниканың ауқымды көлеміне, соның ішінде әуе қорғанысы құралдарына, зымырандарға және оқ-дәрілерге" қол жеткізе алатынын айтты. Оның сөзінше, келісімді іске асыруға Финляндия, Дания, Швеция, Норвегия, Ұлыбритания, Нидерланд пен Канада қатысады.
Дүйсенбі күні Киевте Украина президенті Владимир Зеленский мен Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог қару-жарақ жеткізу мүмкіндіктерін талқылады. Зеленский сол күні кешке жариялаған үндеуінде Украина қандай қару түрлерін алудан үмітті екенін айтқан жоқ, тек Patriot жүйелерін ғана сөз арасында атап өтті. Бұл ретте ол АҚШ-ты ғана емес, оған қоса Германия мен Норвегияны да атады. Бұған дейін БАҚ АҚШ одақтастарын өзінде бар Patriot жүйелерін Украинаға беруге көндіруге тырысуы мүмкін деген ақпарат жариялаған.
Украинаға қару жеткізу туралы мәлімдемеден бөлек, дүйсенбі күні президент Трамп Ресейге Украинамен бейбіт келісімге келуге 50 күн уақыт беретінін, егер осы мерзім аяқталғанға дейін мәмілеге келе алмаса, онда Ресейге және одан энергия түрлерін тасымалдайтын елдерге аса ірі көлемде кедендік баж енгізілетінін ескертті. АҚШ президенті Ресейдің әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, әйткенмен бейбіт келісім жасалатындығынан үміт үзбегенін білдірді.
Қазақстан билігі Азаттықтың тағы 9 қызметкерін аккредиттемей қойды

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының тағы тоғыз тілшісін аккредиттеуден бас тартты. Бұл жөнінде Азаттықтың поштасына сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хат келді.
"Мұндай шешім қабылдауға [Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қазақстандағы] өкілдігінің Қазақстан Республикасы заңнамасын, нақты айтқанда, "Масс-медиа туралы" заңның 30-бабының 4-тармағын жүйелі түрде бұзуы себеп болды" делінген.
Яғни, министрлік Азаттық қызметкерлері тиісті аккредиттеусіз жұмыс істеді деп отыр. Азаттық Қазақстан заңы талаптарын орындай отырып, аккредиттеу туралы өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын, яғни уақтылы берген. Бірақ министрлік нақты себебін айтпастан, өтінішті қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқан.
Азаттық жұма күні 7 тілшісіне аккредитация беруден бас тартқаны үшін Қазақстанның
сыртқы істер министрлігін сотқа берген. Енді министрлік аккредиттеуден бас
тартқан қызметкер саны 16-ға жетті. Олардың арасында Азаттықтың Қазақ қызметінің, "Азаттық Азия" орыстілді редакциясының және "Настоящее время" телеарнасының тілшілері, редакторлары мен операторлары және Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы да бар.
Сотта Азаттық мүддесін "Медиа қолдау", "Құқықтық медиаорталық" және Tokayeva&Partners адвокат кеңсесі қорғамақ.
"Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова министрлік өтінішті қарауды себепсіз ұзарту арқылы журналистердің құқықтары шектелетін жағдайды қолдан жасады деп отыр.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бұл шешіміне алаңдаушылық білдірді.
"Біз Қазақстан үкіметінің Азат Еуропа/Азаттық радиосының 16 журналисін аккредиттеуден бас тартқанына қатты алаңдап отырмыз. Бұл әрекет біздің қызметкерлеріміздің өз елінде еркін жұмыс істеу құқығын тікелей бұзатындықтан, сотқа шағым түсірдік. Журналистеріміз қоғамдық мүддеге қызмет ететін тәуелсіз, фактілерге негізделген ақпарат таратады" деді ол.
Ресей билігі жазушы Борис Акунинді сырттай 14 жылға соттады

Мәскеудің екінші Батыс округтік әскери соты жазушы Борис Акунинді (шын аты-жөні — Григорий Чхартишвили) сырттай 14 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот оны терроризмге жәрдемдесу, терроризмді ақтау және "шетел агенті" ретінде заңда белгіленген міндеттерін орындамау баптары бойынша айыпты деп таныды. Бұған қоса сот жазушыға 400 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеп, жазасын өтегеннен кейін 4 жыл бойы интернет-сайттарды басқаруға тыйым салды.
Сот үкіміне сәйкес, Акунин жазаның алғашқы төрт жылын түрмеде, ал қалған 10 жылын — қатаң режимдегі колонияда өтеуге тиіс.
Прокурор соттан Акунинге 18 жыл түрме жазасын сұраған.
Прокуратура Борис Акунин 2025 жылғы 11 қаңтар мен 24 сәуір аралығында Telegram-арнасында "шетел агенті қызметіне" қатысты екенін көрсетпестен кемінде 33 материал жариялап, заң бұзды деген.
Акунинге "терроризмді ақтау" айыбы 2024 жылғы 18 ақпанда жазушының Telegram-арнасында жариялаған жазбасына байланысты тағылған. Ол постында Акунин: "Қазір мен революцияны қолдаймын, өйткені диктатурадан басқа жолмен құтылу мүмкін емес. Сайлау жоқ және болмайды да, режим қарсыластарын өлтіреді немесе түрмеде шірітеді. Иә, революция — бұл жарылыс. Бірақ тарихта жарылыстан өзге жолмен тазартуға келмейтін қопарылыстар болады" деп жазған еді.
Жазушыны "террористік қызметке жәрдемдесу" деген айыптауға айғақ ретінде Акуниннің Вован және Лексус есімді пранкерлермен телефон әңгімесі аталды. Олар өздерін Украина президенті Владимир Зеленский мен мәдениет министрі Александр Ткаченкомыз деп атап, жазушымен сөйлескен. Сол әңгімеде Акунин жеңіске "шайқас алаңында емес, тек ақыл мен жүректе жетуге болады" деп, Ресей мен Украина мәдениет қайраткерлерін бірігуге шақырған. Бұған қоса ол ресейлік әскери қызметкерлерді тұтқынға беріліп, Украина жағына шығуға белсендірек үгіттеуді ұсынған.
Қазіргі кезде Борис Акунин Францияда тұрып жатыр. Ол өзіне қарсы қозғалған іс бойынша Ресейдегі сот процесіне қатыспайтынын, оны мойындамайтынын және "арзан қойылым" деп есептейтінін мәлімдеген. Ресей билігі оған қорғаушы етіп тағайындаған адвокат сотта жазушының кінәсіз екенін айтқан.
Зеленский Юлия Свириденкога Украина үкіметін басқаруды ұсынды

Украина президенті Владимир Зеленский премьер-министрдің бірінші орынбасары Юлия Свириденкога елдің министрлер кабинетін басқаруды ұсынды. Мұны дүйсенбі күні Свириденкоамен кездескеннен кейін Зеленскийдің өзі мәлімдеді.
"Біз Украина экономикасының әлеуетін нығайтатын нақты шараларды, халықты қолдау бағдарламаларын кеңейтуді және қару-жарақтың отандық өндірісін ауқымды түрде ұлғайтуды талқыладық. Осы мақсатта біз Украинада атқарушы билік жүйесін трансформациялауды бастаймыз. Мен Юлия Свириденкога Украина үкіметінің басшысы болуды және оның жұмысын түбегейлі жаңартуды ұсындым. Жаңа үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын жақын арада ұсынуын күтемін", — деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
Юлия Свириденко — Украина премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі экономика министрі. Ол АҚШ-пен қалпына келтіру жөніндегі бірлескен инвестициялық қор құру туралы келіссөздер жүргізген. Қор жаңа пайдалы қазбаларды өндіруге берілетін лицензиялардан түскен табыстар есебінен қаржыландырылып, Украина мен АҚШ тарапынан тең негізде басқарылмақ. Қор құру туралы келісімге Свириденко қол қойған.
14 шілде күні кешке жариялаған үндеуінде Владимир Зеленский елдің қазіргі премьер-министрі Денис Шмыгальдің кандидатурасын Украина қорғаныс министрі қызметіне ұсынатынын хабарлады. Президенттің айтуынша, ең жоғары деңгейдегі ресурстарды, күш-жігер мен жауапкершілікті талап ететін қорғаныс саласына қазіргі жағдайда аса зор тәжірибеге ие Шмыгаль лайықты жетекші болмақ.
Украина үкіметіндегі ауыс-түйіс жасалатыны туралы хабарлар бірнеше күн бұрын пайда болған. БАҚ дереккөздері қазіргі премьер-министр Денис Шмыгаль қорғаныс министрі қызметіндегі Рустем Умеровтың орнына баруы мүмкін, ал Умеров АҚШ-тағы Украина елшісі болмақ деп айтқан.
"РБК Украина" басылымы кейбір министрліктерді біріктіру және үкіметтегі өкілеттіктерді қайта бөлу жоспарланып отыр деп жазған. Үкіметтегі ауыс-түйісті президентті жақтайтындар басым дауысқа ие Жоғарғы Рада бекітуге тиіс.
Трамп Ресейге Украинамен "мәмілеге" келуге 50 күн уақыт берді

Дүйсенбі, 14 шілде күні Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездескенде АҚШ президенті Дональд Трамп егер Ресей 50 күн ішінде Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде келісімге келмесе, онда Мәскеуге және оның сауда серіктестеріне қарсы "өте қатаң" кедендік баж салығы енгізілетін болады деп мәлімдеді.
Трамп баж салығының мөлшері 100 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта Сенатта Ресейден энергия ресурстарын сатып алатын оның сауда серіктестеріне 500% мөлшерінде баж салығын енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
АҚШ президенті келісімге қол жеткізіледі деп үміттенетінін айтты. Трамп сауданы соғысты тоқтатудың тиімді құралы деп атады.
Бұған қоса, АҚШ президенті Вашингтон мен оның серіктестері НАТО құрамындағы еуропалық елдер есебінен Украинаға қару-жарақ жеткізу жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Оның сөзінше, Украинаға АҚШ қаруын жеткізуді НАТО үйлестіретін болады.
"Біз қару шығарамыз, бірақ ол үшін біз емес, олар — Еуропа елдері төлейді", — деді Трамп.
Рюттемен кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында президент Трамп қару-жарақ жақын уақытта жеткізілетін болады және "қақтығыс жүріп жатқан аймақтарға тікелей" жіберіледі деді. Ол миллиардтаған доллардың қаруы жеткізілетінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Украинаға қосымша Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін берілетінін және олар "өте тез" жеткізілетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жүйелердің саны 17-ге дейін жетуі мүмкін. Ашық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Украинаға кемінде 7 Patriot жүйесі жеткізілген.
Рютте Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелері ғана емес, басқа да қару түрлерін жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті. Бұған дейін БАҚ Украинаға алыс қашықтағы нысаналарға жететін зымырандар беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр деп жазған еді.
Бұған қоса Рютте егер Ресей президенті Владимир Путиннің орнында болсам, бейбіт келіссөзге тез келісер едім, деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетіне көңілі толмайтынын тағы да қайталады. Ол осыдан екі ай бұрын бейбіт келісімге қол қойылады деп үміттенгенін айтты. Трамптың сөзінше, Вашингтон бірнеше рет "бейбіт келісім жақын қалды" деген сенім болған, бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша болып шыққан.
Трамп Ресей президенті Владимир Путин телефонмен сөйлескенде "жылы-жұмсақ әңгіме" айтып, бірақ содан кейін "Киевке зымырандар ұша бастайтынын" тағы да қайталады. Оның сөзінше, бос әңгіменің уақыты аяқталып, нақты әрекеттер басталуға тиіс. Сонымен бірге Трамп Путин "адал келісім" дегеннің не екенін түсінеді және АҚШ президентін алдай алмайды деп ойлайтынын, түптің түбінде бейбіт келісім жасалады деп есептейтінін айтты.
Дүйсенбі күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін Telegram желісінде жазды. Ол екеуара болған әңгімені "өте жақсы" деп сипаттап, Трампқа "Украинаны қолдауға" және тұрақты әрі әділетті бейбітшілікке қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын болғаны үшін алғысын айтты. Зеленский Трамп екеуі "Ресей шабуылдарынан халықты жақсырақ қорғауға және біздің позицияларымызды нығайтуға қажетті әдістер мен шешімдерді" талқылағанын жазды.
Ақ үй бұл әңгіме жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.
Биыл сәуір айында Украина ешқандай алдын ала шартсыз атысты тоқтату туралы келісімге келуге дайын екенін мәлімдеген еді, бірақ Ресей билігі іс жүзінде ол ұсынысты кері қағып, соғыс қимылдарын тоқтатпай-ақ келіссөз жүргізуді ұсынған.
Түркияның Стамбұл қаласында екі кезеңмен өткен келіссөз нәтижесінде Украина мен Ресей тұтқындар мен қаза тапқандарды алмасу бойынша келісімге қол жеткізгенімен, атысты тоқтату туралы келісім жасалған жоқ. Келіссөздердің жаңа кезеңі қашан өтетіні, тіпті өте ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. НАТО бас хатшысы Рютте президент Трамппен кездесуде Ресей келіссөздерге жоғары деңгейдегі делегация жібермей, оның орнына "Ресей тарихын 1250 жылдан бастап тарқатып жүрген әлдебір тарихшыны" жұмсағанын айтты. Ол Ресей президентінің көмекшісі, тарих жөнінде бірқатар кітап пен мектеп оқулықтарының авторы Владимир Мединскийді меңзеп отыр.
Бұған дейін Мәскеу атысты тоқтатып, бейбіт келісімге келу үшін бірнеше шарт қойған. Олардың арасында Ресей талап етіп отырған Украинаның төрт облысынан украин әскері шығарылсын деген талап та бар.
Трамптың кейінгі жасаған мәлімдемесіне Мәскеу әзірге ресми жауап қатқан жоқ.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас Трамптың Ресейге қатысты қатаң ұстанымын "өте оң қадам" деп бағалады, алайда соғысты аяқтауға берілген 50 күн уақыт "өте ұзақ" екенін, Ресейдің іс-әрекеті салдарынан күнде бейбіт тұрғындар қаза тауып жатқанын айтты.
Зеленский Киевте АҚШ президентінің арнайы өкілі Келлогпен кездесті

Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбі, 14 шілде күні АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогпен кездесті. Келлог сол күні таңертең пойызбен Киевке барған. Зеленский онымен кездесуді "өнімді болды" деп сипаттады.
"Біз бейбітшілікке жету жолын және оған бірге жақындау үшін нақты не істей алатынымызды талқыладық. Бұл – Украина үшін әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейту, Еуропамен бірлесіп қорғаныс қаруын өндіру және сатып алу. Сосын, әрине, бұл – Ресейге және оған көмектесіп отырғандарға қарсы санкциялар. Біз АҚШ-тың көшбасшылығына үміт артамыз, себебі Мәскеудің орынсыз амбицияларын күшпен тоқтатпасақ, ол өз бетімен тоқтамайтыны анық", – деп жазды Украина президенті әлеуметтік желіде.
Кит Келлог Киевте аптаның аяғына дейін болмақ.
Reuters агенттігінің жазуынша, Зеленский мен Келлогтың кездесуі аяқталғаннан кейін көп ұзамай Украина астанасында әуе дабылы жарияланған.
Кит Келлог өткен аптада Римде Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияға барған кезде Киевке ұзақ мерзімді сапар шегуді жоспарлап отырғанын жариялаған. Келлог Киевке Батыс басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде билікке екінші рет келгелі бері алғаш рет Украинаға әскери көмек пакетін мақұлдамақшы деп хабарлап жатқан шақта барып отыр.
"Президенттік шұғыл көмек бастамасы" (Presidential Drawdown Authority) бағдарламасы аясында көрсетілетін бұл көмекті АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауын күтпей-ақ, өзі шешім қабылдап, бере алады.
Осы кезге дейін Украина АҚШ-тан бұрынғы президент Джо Байденнің тұсында мақұлданған бағдарламалар бойынша бөлінген әскери көмекті алып келген болатын.
Құқық қорғау органдарында бұрын лауазымды қызмет атқарған Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдіктіге айналды

Бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі сияқты жоғары лауазымдар атқарған Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылды. Мұндай ақпаратты Бас прокуратураның хабарына сүйеніп, Tengrinews.kz сайты хабарлады.
"2025 жылғы 4 шілдеде Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігінің 1-ші және 2-тармақтарына сәйкес ("Азаптау") көзделген қылмысты жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И.-ні күдікті деп таныды", – деген Бас прокуратураның жазғанын келтірген басылым.
Прокуратура қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып, қосымша дәлелдер жинақталып жатқанын, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін жазған. Кексельден бөлек бұл істе тағы кімдер күдікті ретінде тартылғаны, кім жәбірленуші деп танылғаны және басқа да жайттар әзірге белгісіз, ресми органдар оның егжей-тегжейін айтқан жоқ.
Олеся Кексель биыл 3 шілде күні ұсталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев тәрізді азаптау бабы бойынша қозғалған істе күдікті деп танылыпты-мыс деген хабар өткен аптада әлеуметтік желіде тараған. Алайда ол кезде ресми орындардан мұны растайтын ақпарат болған жоқ.
14 шілде күні ҚазТАГ ақпарат агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Талғат Татубаев азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында екі айға қамауға алынды, деп хабарлады.
Талғат Татубаев пен Олеся Кексель бір іске қатысты күдікті санала ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Бірақ бұл екеуі бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюрода бірге лауазымды қызмет істеген. Кексельдің өзі я заңды өкілдері бұл жайтқа қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Олеся Кексельдің есімі бұған дейін де, 2019 жылы бір шулы істе аталған. Кексель мен Бас прокуратураның тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісінің қозғалуына бір кәсіпкердің арызы түрткі болған. Шағым иесі осы азаматтар тергеу кезінде заңға қайшы әдістерді қолданғанын айтқан. Бірақ әуелі Бас прокуратура, кейін сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та Кексельге байланысты іс "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан тоқтады" деп хабарлаған.
Олеся Кексель 2018-2019 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Кейін Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарған.
Кексель Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі сияқты Қазақстандағы ірі даулы істер бойынша тергеу тобына жетекшілік еткен.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевке барды

14 шілде күні таңертең АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украинаға барды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак хабарлады. Ол Келлогты Киевтің орталық теміржол вокзалында өзі қарсы алған.
"Қорғаныс, қауіпсіздікті нығайту, қару-жарақпен қамту, санкциялар, халқымызды қорғау, Украина мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты арттыру – біз талқылайтын тақырып өте көп", – деп жазды Ермак Келлогпен кездесуінің видеосымен қоса жариялаған хабарламасында.
Бұған қоса Ермак "Ресей атысты тоқтатуға ниетті емес" екенін тағы да қайталап айтып, "бейбітшілікке күштеп көндіру – АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымы, біз бұл тәсілді қолдаймыз" деген.
Кит Келлог өткен аптада Римде Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияға барған кезде Киевке ұзақ мерзімді сапар шегуді жоспарлап отырғанын жариялаған.
"Біз дүйсенбі күні Киевке барамыз. Апта бойы сонда боламыз", – деген еді сол жолы Келлог.
9 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский Римде Кит Келлогпен кездескен. Зеленскийдің айтуынша, кездесуде Украинаға АҚШ қаруын жеткізу және Ресейге қарсы санкциялар мәселесі талқыланған.
Батыс басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде билікке екінші рет келгелі бері алғаш рет Украинаға әскери көмек пакетін мақұлдамақшы деп хабарлап жатқан шақта Келлог Киевке сапармен барып отыр. "Президенттік шұғыл көмек бастамасы" (Presidential Drawdown Authority) бағдарламасы аясында көрсетілетін бұл көмекті АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауын күтпей-ақ, өзі шешім қабылдап, бере алады.
Осы кезге дейін Украина АҚШ-тан бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігі кезінде мақұлданған бағдарламалар бойынша бөлінген әскери көмекті алып келген болатын.
Трамп Украинаға Patriot кешендері жеткізіледі деп жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешендері жеткізілетінін жариялады. Оның сөзінше, бұл кешендерге Еуропа одағы ақша төлемек. Мұндай ақпаратты Reuters агенттігі таратты.
Трамп Patriot зенит-зымыран кешендері Украинаға өзін-өзі қорғауға қажет деп мәлімдеген.
"Путиннің сөзі жақсы, бірақ сосын кешке бәрін бомбылайды", – деген ол Вашингтон маңындағы әскери базаға барған кезде журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Алайда, ол Украинаға нақты неше кешен жіберілетінін айтпады.
Өткен аптада Трамп дүйсенбіде, яғни бүгін Украинадағы соғысқа байланысты "маңызды мәлімдеме" жасайтынын айтқан еді. Axios агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Киевке жаңа, ауқымды қару-жарақ жеткізуді жарияламақ. Оның ішінде алыс қашықтағы нысаналарды атуға арналған зымырандар да бар.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, жаңа әскери көмек пакеті аясында Киевке Ресейдің ішкі өңірлеріне, соның ішінде Мәскеуге дейін жете алатын зымырандар да беріліп қалуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты әзірге ешкім ресми түрде растаған жоқ.
- 14 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 136 дронмен шабуыл жасады деп хабарлады Украина армиясы, олардың 28-і көздеген нысанаға жеткен. Дрондарға қоса, Ресей күштері бұл шабуылда бірнеше зымыран қолданған.
ПІКІРЛЕР